Жарқын болашақ

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген нақыл сөзден халқымыздың ықылым замандардан-ақ білімнің қадірін білгенін аңғару қиын емес. Бүгінде бұл аталы сөздің өзектілігі артпаса, кеміген жоқ. Еліміздің өркениетті алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Осының бір дәлелі - жалпы білім беретін оқу орындарының қазақ  мектептеріндегі ұлты қазақ, орыс мектептеріндегі өзге ұлт өкілдерінің 7-11 сынып оқушылар арасында «Жарқын болашақ» қазақ тілі олипиадасы. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының оныншы аудандық кезеңі биыл да өз үздіктерін анықтады. 
Бұл шара халықаралық қоғамдық «KATEV» қорының жоспарына сәйкес мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тұлғаның өзін-өзі дамытуына және қабылетін ұштауға ықпал ету, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабылеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту мақсатында өткізілді.
Сайыстың аудандық кезеңіне аудан және қала мектептерінен 100 оқушы қатысты. Олимпада әдеттегідей 5 бағыт бойынша өткізілді. Оқушылар   «Тілші-әдебиетшілер», «Жазушылар», «Жас ғалымдар», «Әнші-бұлбұлдар», «Сөз шеберлері» бағыттары бойынша шығармашылық, ғылыми жұмыстарын ортаға салып, қазақ тілінде ән орындап, мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Олимпиада барысында әділқазылар шешімімен «Жарқын болашақ» аудандық кезеңінде топ жарған оқушылар мадақтамамен марапатталды. Алдағы уақытта аудандық олимпиада жеңімпаздары облыстық кезеңде ауданымыздың намысын қорғайды. Олимпиада қорытындысы бойынша облысқа жолдама алған оқушылар: "Жазушылар" бағыты бойынша I  орын  №15 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Науан Таңжарық,  «Сөз шеберлері» бағыты бойынша I  орын  Курмин жалпы білім беретін мектептің 11- сынып оқушысы Шонаева Аяжан, «Әнші  бұлбұлдар» бағыты бойынша I  орын  Дубовка жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Қырықбаев Абай, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша I  орын    Дубовка жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Идрисова Аяжан иеленді. Ал өзге ұлт өкілдерінің арасында  "Жас ғалымдар" бағыты бойынша I орын «Жұлдыз» мектеп-балабақша кешенінің 8-сынып оқушысы Азимова Рухшона, "Жазушылар" бағыты бойынша I  орын  №10МГ 9 - сынып оқушысы Баладжаева Алсу, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша I  орын  №10МГ 9 - сынып оқушысы Кобзева Виктория жеңіп алды.
Ұйымдастырушылар олимпиада – жастардың қазақ тіліне деген  сүйіспеншілігін арттырады, пайдалану аясын кеңейтеді, әрі мұндай байқаулар оқушылардың білімін ұштап, ойын дамытады десе, оқушылар жағы олимпиаданың пайдасы өте көп, берері өте мол, оқушының ізденуіне мүмкіндік береді, шығармашылығын ұштайды дейді.
Ауданымыздағы тәжірибелі ұстаздар қазылық еткен қазақ тіл білімі сайысына мектепаралық кезеңнен сүрінбей өткен, ауданымыздың намысын қорғайтын оқушылар алдағы уақытта кезеңге жіберіледі. Ал облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаздарға сәттілік тілейміз.